Мақсаты: Тәуелсіздік туралы терең мағлұмат беру. Ата – бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, өз Отанын сүюге, еліне, халқына қызмет етуге Тәрбиелеу. Еліміздің тәуелсіздігін атап өту қарсаңында елтарихына шолу жасау. Тәуелсіз еліміздің жетістіктерімен таныстырып, білгендерін тереңдету.
- Егемен еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі–Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген ардақты ағайындар, мереке құтты болсын!
Жүр. Құрметті қонақтар сүйікті балалар !. Тәуелсіз еліміздің жастары үшін заман талабына сай өнерлі де білімді болып өсу талабы туды. Тәуелсіз еліміз болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті елдер қатарына жетуге аяқ басты. Болашақтың тірегі мына бүгінгі бүлдіршіндер сендерсіндер. Сәби күлкісімен ана мейрімінің сәні ешқашан бұзылмасын.
Ән-ұран
Жүр. Ежелден – ақ жақсылықты Алладан күтіп, болашаққа үмітпен қараған кеңпейіл халықпыз. Сол пейілге орай қазақ халқына кең байтақ жер, көл-көсір көңіл бұйырған. Ол қиырдан бұл қиырға, дейін жайылған маңғаз елдің кең байтақ жеріне жан-жақтан көз тігушілер аз болған жоқ. Өз тілін мәдениетін дамытан деген қазақ халқына мүмкіндік бермеді. Осы қазақ халқының жері болашағы үміті үшін желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың ұл-қыздары Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатайұлы, Ләззат Асанқызы, Сәбира Мұхамеджанқызының аттарын атап айтпай кетуге болмас. Олардың аңсаған армандарымен үміт тілектері бұл күнде толық жүзеге асты. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Туымыз асқақтап желбіреп тұр. Бір ғана өкініш бар ол азаттық үшін жан аямай алысқан, сол боздақтардың кейбірінің бүгінгі бақытты сәтімізді көре алмауы. Сол боздақтарға арналған таппақтар тыңдаңыздар:
Қайраттай қайсар ұлдардың
Жанымен келген еркіндік
Жазира мен ляззаттың
Арымен келген еркіндік
Қасірет пен қайғының
Бәрімен келген еркіндік
Он алтыншы желтоқсан
Ел мерейі тасыған
Қазақ деген қалың жұрт
Бәрін кешті басынан
Әр қазақтың есінде сақталады
Желтоқсандық өрендер ақталады
Ел намысын қорғаған сарбаздарым
Ерліктерін мәңгілік сақталады.
Он алтыншы желтоқсан
Тәуелсіздік алған күн
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн
Жастарымыздың ерен ерлігін насихаттау арқылы бүгінгі таңда біздің егемендігімізді алып берген Қазақстан Тәуелсіз мемлекет атанды. Отанымыз туған жеріміз, еліміз жылдан жылға көркейіп жаңарып өсіп өңуде.
Елдігімнің – реңі,
Тендігімнің – тірегі
Мүддесінен халықтың
Ажырамас бір елі.
Алтын заңым – арай таным!
Әділеттің ұраны,
Ақиқаттың шырағы.
Тыныштықтың туы боп,
Зор салтанат құрады.
Тәуелсіздік мәңгілік сақталсын,
Алдымызда барлық үміт ақталсын
Тату – тәтті бірлік болып қашанда
Бейбіт өмір бар халықпен жақталсын.
Жүргізуші:
Шалқы қазақ шалқитын заман келді. Текке қаның төккен жоқ бабаларын демекші осы күнге жеткізген еркіндік таңы мәңгі жасасын.
Енді міне біз тәуелсіз ел болдық
Басқалармен терезесі тең болдық
Әрқашанда біз дайынбыз тайсалмай
Отан үшін болуға да құрбандық
1986 жыл, 16-желтоқсан. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жақын, әрі қаралы да, қасіретті күн еді.
Мұз жастанып азаттықтын жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Сойыл таяқ ойнаса да жанында.
Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың,
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан-ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке,
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке!
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында ерлік көрсетіп,қаза тапқандар
Қайрат Рысқұлбеков,Ләзат Аснова,Сәбира Мұхамеджанова,Ербол Сыпатаев
Желтоқсан көтерілісінің арқасында 1991 жылы еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш Тәуелсіз ел дүниеге келді.
Егемендік иесі мен деген сөз,
Көптеген бері естілмеген ерен сөз,
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған
Көркем жігіт болып өссе көрген сөз.
Егемендік ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы,тең күші.
«Егемендік» деген сөзден естілер
Ата жұрттың арысы мен бергісі.
1991 жылы желтоқсанның 1-де Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Республиканың Президенті етіп сайлады.
Шықты тарап ой данадан,
Бері қарады жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімніңбар Президенті.
Шырақ етіп өмір нұрын,
Алыс жатты алдағы жол.
Ел намысын, елдің жүгін,
Арқалаған ардағым-ол.
Халқымның «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық пікірін ойлап қарасақ, ата-бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері – елін, жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу сияқты жақсы қасиетті ұрпақтан- ұрпаққа дарыса деген асыл арманы екен.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден –ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Отанымызды қорғаған еліне деген сүйіспеншілігі, ерлер сияқты қолына қару алып, ат құлағында ойнап жүріп жауын жеңуі сақ қызы — Тұмар падишаның ерлік істері. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат. Сонда енді не бар?!» деп тұрсыңдар ғой… Менде ел бар, менде жер бар, мен елімді-жерімді қорғадым, — деген Тұмар падиша осындай байтақ та бай дархан Отанымызды жұдырықтай жүрегіндегі ерлік сезіммен қорғаған. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып олар қарындас» — деп қыздарға сеніммен арқа сүйеген де, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздардың қазақта болуы бізді зор мақтанышқа бөлейді.
Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының (этникалық территориясын) қалыптасуын; ұлттық мемлекттігіміз – қазақ хандығының құрылуы мен дамуын; отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлаған хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген ұлы билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың халқымызға тән шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастыруын, таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін, батырларымыздың ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын сыртқы жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады.
Алла Тағала біздің елімізге осыншама кең жерді нәсіп еткенін түсінуге ұмтылсақ, ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген. Жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлардың ерлігі турала тарихи жырлар Исатай, Махамбетке байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар біздің ұлттық сана-сезімімізді көтереді.
Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Қаша ұрыс салып жүргенде қапы кетті. Ханның басы қанжығада кете барды…
Ата дініміз ислам болғандықтан, мұсылмандық сабырлықпен, ұстамдылықпен соғысқан Кенесары жауынгерлері әуелі «Алла» деп, содан кейін «Абылай», «Ақжолтай» деп, өз ерлерінің қадірін бағалай біліп, ұранға айналдырғаны мәлім. Әруақтарын ұран қылғанда ол есімдерге Алланың ерекше нұры түскенін мойындап, сол арқылы сол кезде қажет рухани күштің әсерін сезінгендері белгілі. Бізге бүгін қажет жігерліктің, батырлықтың, біліктіліктің, адалдықтың, Отансүйгіштіктің мысалдары өткен тарихи оқиғаларымызда жатыр.
Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығында, тапқырлығын да таныта білген хан Абылай қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырау өнерпаздарын достық –бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады.Жауын торғайдай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқңдап қоңқылдаған Қоқанмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отан- Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екні сөзсіз.
Айдын шалқар, күміс сулы бұлағым,
Жасыл –желек ат көрінбес құрағым.
Мыңғырған мал даласында жайылған,
Бабалардың болған сондай тұрағы.
Бұхар, Қоқан бұл байлыққа қызықты,
Орыс патша арам ойлы бұзықты.
Қорған салып, жерін алып, қуса өзін,
Сонда көрген сорлы қазақ шыжықты.
Қазақта жер қалмады патша алмаған,
Елін, жерін, малын тегіс жалмаған.
«Қойға тиген қасқырдай» боп қазақтың,
Отаршылдық қыр соңынан қалмаған…
Халық басына осындай қиын-қыстау заман зары туған шақта, қазақ қауымының бас көтерген батыр да ержүрек перзенттері елдің елдігін, ердің ерлігін сақтап қалды.
Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірін қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдейді. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басын ала бере тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. Ол кезде Отанымызда кеңестік кезең орнаған еді. XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген Сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасағанын бірінші кезекте айтар едік. Олар бүкіл КСРО-ны, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды Бұл эксперименттердің басты бағыттары мынадай болды: ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру және соның негізінде байлар мен ауқатты шаруаларды тап ретінде жою; аса тез қарқынмен елді индустрияландыру (бұл шара негізінен колхоздарға зорлап кіргізілген шаруаларды аяусыз қанау есебінен жүргізілді); мәдени-рухани салада, демографиялық саясатта, ұлт мәселесінде жергілікті (ұлт аймақтарындағы) халықтарды орыстандыру; қоғамдық саяси өмірдің негізгі салаларында тек қана комунистік идеологиялық үстемдігін орнату.
Осылардан туындайтын және басқа да ірілі-ұсақты шаралар болды.Тоталитарлық тәртіп жүзеге асырған халыққа жат саясат аса зор, қасіретті зардаптар әкелді: жаппай отаршылдықтың салдарынан қазақ халқының жартысына жуығы қырылды; өзінің атамекенінен басқа елдерге ауа көшті, тіл мен діл, дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады;қазақ халқы өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды…
Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұстафа, Смағұлдар алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Сұлтанмахмұттың «Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз» деп жапанға жар салатын кезінде ұлт зиялылары не істеу керек, қайтеміз, қалай ел боламыз?- деп ойын он саққа, қиялын қырық саққа жүгіртіп еді. Сонда Әлихан Бөкейхан «Автономия, бізге керегі – автономия!» деп қайта-қайта шырылдап, телеграмма салумен болды. Сондағы ойы «мемлекет құрып алайық, мемлекетіміз болса, қалғанының бәрі болады» деген асыл арман-ды. Қазақ автономиясын жариялағанда алаштың арыстары «міне, ел болдық, еркіндік өз қолымызға тиді» деп бөркін аспанға атты. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя көсемдері алаш туы астына бірікендердің бәрін біртіндеп құртты. Ең алдымен Жүсіпбек Аймауытовты атты. Қалғандарын, қияндағы Шәкәрімнен бастап қаладағы қазақ оқығандарын түгел қырды. Мұстафа Шоқай шетел асты… Алашорда партичсына мүше болғандардан жалғыз Мұхтар Әуезов қана аман қалды… Алаш деген сөзді тарихи санадан өшіру әрекеті басталды. Дүниедегі ең жек көрінішті сөзге айналдыруға тырысушылардың «еңбегі» зая кеткен жоқ. Әлі күнге дейін кейбіреулер алаш дегенде селк ете қалады… Қазақтың өз билігі өз еркінен кеткен соң қара халықты қалай қорлаймыз деп қызыл империя аса қиналған жоқ.
… 32-33-тің ашаршылығы қолдан жасалды.
… 36-37-нің қырғыны әдейі істелді.
1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың қазақ зиялысы қырылған. Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі — көзі ашық болғаны, өз ұлтының намыс-сезімін жақтағандары ғана. Бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен келгенін есте сақтағанымыз жөн болар еді. Осы асыл азаматтардың үзілген жас, қыршын өмірлері, орындалмаған үміттері, армандары бізге аманат сияқты болып көрінеді.
«Отанның намысы үшін оттан қашпа,
Шын сүйсең мақсатыңнан қия баспа.
Тайсалма бар Отанның құрбаны бол,
Өмірің орынсыз боп кетпес босқа».
О, дариға, алтын бесік — туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр
Отан!
Қайсар ар-намысым, жайсаң іңкәр шапғым
Перзентке жүктеген қорғанысын,
Сен намыстың ну қалың орманысың.
Сол үшін шыңнан заңғар атағың
Тұлғасына табындырған,
Алыс жүрсем сабылтып, сағындырған,
Менің ұлы әкем сенсің, Отаным!